Павлодар сахнасында елордалық театр ерекше қойылым ұсынбақ

Павлодар сахнасында елордалық театр ерекше қойылым ұсынбақ
Фото:@kaztheatre

Театр ұжымы бір күнде екі туынды көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

8 ақпанда Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Павлодар қаласына гастрольдік сапармен аттанып, Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Сағат 12:00-де балаларға арналған «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы, ал сағат 19:00-де «Qalleki» театр лабораториясының «Кешкі 7» спектакль-концерті басталады.

– «Ертегі түннің әуені» – әлемге әйгілі классикалық ертегілердің үзінділерін сахналаған ерекше қойылым. Кішкентай көрермендер Ганс Христиан Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және «Бұршақ үстіндегі ханшайым», Эрнст Теодор Амадей Гофманның «Шақылдақ» ертегісі, сондай-ақ, үнді халық ертегісі «Алтын антилопа» сияқты танымал шығармаларға саяхат жасайды, – делінген хабарламада.

Бұл ерекше қойылымда музыкалық ансамбльдің сүйемелдеуімен әлемдік хиттер мен классикалық музыканың әуені арқылы әртүрлі ертегілер баяндалады. Шығарма балаларды ертегінің сиқырлы әлеміне жетелей отырып, олардың қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. 

Ал «Кешкі 7» атты спектакль-концерті  жаңа бағыттағы ерекше қойылым жанды дауыстағы әндер мен музыканың, театр өнерінің үйлесімінен туған. 

– Спектакльде театрдың жас актерлерінен құралған ансамбль өнер көрсетеді. Олардың орындауындағы музыкалық және поэзиялық композициялар көрермендерді өнер әлеміне жетелеп, жаңа әсер сыйлайды. Қойылымда ақын Салтанат Қайырбектің «Мен шаршадым-ау деймін…», «Сен…», «Ойлаушы ем өмірді білем деп», «Махаббат» атты өлеңдері оқылып, олардың мазмұны музыкамен үйлесе отырып, ерекше мәнге ие болады, – дейді ұйымдастырушылар.

Бұл қойылым – поэзия мен музыканың үйлесімінен туындаған қойылым әр көрерменнің жүрегіне жол тауып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады.

Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымда.