Павлодар тұрғындары лифтіге кім қызмет көрсететінін өздері таңдай алады

Облыс орталығында лифттердің 72 пайызының тозығы жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала бойынша бүгінгі күні 438 көпқабатты тұрғын үйде 1680 жолаушы лифті бар. Олардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін техникалық қызметті 12 арнайы кәсіпорын жүзеге асырады. Олардың қатарында «Павлодар лифт ремонт», «Лифт ремонт PVL», «Павлодар лифт сервис», «Казлифт и компания», «Лифт и компания», «Жилищный лифт и компания», «LiftCompany PV», «ЛифтТехЦентр», «Элит Успех», «ОЭМ лифт», «Лифт ремонт», «Лифт комПВ», «СтандартЭнергоСервис» секілді ұйымдар бар.
– Басты мәселе – қаладағы лифтілердің басым бөлігі тозығы жеткен. 1149 лифт оны пайызға жуықтағанда 72 пайызы нормативті қызмет ету мерзімінен асып кеткен. Әдетте, жолаушы лифтінің пайдалану мерзімі – 25 жыл. Бұл шектен асқан жағдайда қауіпсіздік тәуекелі жоғары болады. Сондықтан олардың жұмысын жалғастыру үшін жыл сайын мамандандырылған сарапшылар тарапынан техникалық тексерулер жүргізіледі, – деді Павлодар қаласының ТҮКШ бөлімінің бас маманы Асылбек Жұмабеков.
2019 жылдан бастап Павлодарда лифтілерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. 2019–2025 жылдар аралығында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 15 көпқабатты тұрғын үйде 27 лифт ауыстырылды. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2029 жылға дейін жалғасатын болады.
Бас маманның айтуынша, қазіргі уақытта алты көпқабатты үйге орнатылатын 11 лифтке арналған жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамадан өтті. Жаңа жабдықтарды орнату бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.
– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 42-1 және 42-2-баптарына сәйкес, лифт – кондоминиумның ортақ мүлкі болып саналады. Сондықтан оны ауыстыру немесе жаңғырту мәселелері пәтер иелерінің жалпы жиналысында қаралады. Мұндай шешім қабылдануы үшін тұрғындардың кемінде 70 пайызының келісімі қажет, – деді Асылбек Жұмабеков.
Лифтке техникалық қызмет көрсету құны әрбір тұрғынның үлесіне қарай белгіленеді. Ол үлес пәтердің ауданына байланысты есептеледі. Бұл ретте тұрғындар лифтіге «жолақы» емес, тек техникалық қызмет көрсеткені үшін төлем жасайды.
– Павлодардағы лифт қызметіне ақы төлеу мөлшері қазіргі таңда орта есеппен бір шаршы метрге 22,64 теңгеден 35,7 теңгеге дейін белгіленген. Бұл тарифтерді мемлекет реттемейді, себебі лифт қызметі нарықтық бәсекелестік ортада жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындар өз үйлері үшін қызмет көрсетуші ұйымды таңдауға құқылы. Олар баға, сапа және қызмет көрсету шарттарын ескере отырып, жеке келісімшарт жасаса алады, – деді бас маман.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі №249 бұйрығымен бекітілген коммуналдық қызметтерді көрсету ережелері лифт қызметіне де қатысты. Бұл құжаттар қызмет көрсетуші мен тұтынушының құқықтары мен міндеттерін, төлем тәртібін, сондай-ақ даулы мәселелерді шешу жолдарын нақты реттейді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, тұрғындар мен лифт қызметін көрсетуші ұйымдар арасындағы шарттар тараптардың келісімімен өзгертілуі немесе сот шешімімен бұзылуы мүмкін.
Асылбек Жұмабековтің айтуынша, қазіргі таңда Павлодардағы лифтілердің үштен екісінен астамы қызмет ету мерзімінен асып отыр. Жаңа лифтілерді орнату үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенімен, басты шешім тұрғындардың қолында. Себебі лифт – ортақ меншік, оны күтіп ұстау немесе ауыстыру шығындары да тұрғындардың ортақ жауапкершілігі болып табылады.
Қауіпсіз әрі жайлы өмір үшін әрбір павлодарлық өз үйінің жағдайына бей-жай қарамай, лифт шаруашылығын жаңғыртуға атсалысуы қажет.