Павлодар тұрғынынан синтетикалық есірткі мен каннабис майы тәркіленді
Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарлық жедел уәкілдерге жергілікті тұрғынның есірткі айналымына қатысы бар екендігі жөнінде жедел ақпарат түсті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ер адамды қала көшелерінің бірінде есірткі жасыру кезінде ұстады. Куәгерлердің қатысуымен жүргізілген жеке тінту барысында ер адамнан ішіне ақ түсті зат салынған 12 полимерлі қаптама табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесінде бұл заттың жалпы салмағы 7 грамм болатын синтетикалық есірткі екені анықталды.
– Тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту кезінде жалпы салмағы 3 грамнан асатын каннабис майы бар әйнек колбалар табылып, алынған, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу және тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.