Павлодар жастары сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі штаб құруды ұсынды

Павлодар жастары сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі штаб құруды ұсынды
фото: автор

Ұсыныс жұмыс тәртібінде талқылануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «Заң және тәртіп» нарративін іске асыру аясында «Әділ жол» тақырыбында жастармен кездесулер өткізуді бастады. Кезекті шараға ҚР ІІМ оқу орталығының курсанттары қатысты.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті превенция басқармасының басшысы Данияр Каукеновтің айтуынша, басты мақсат – жастарды сыбайлас жемқорлықсыз өмір сүруге үйрету және оған қарсы иммунитет қалыптастыру.

– Бүгінде жастарда түрлі мүмкіндіктер бар және олар үшін табыс табудың жеңіл жолдары болуы ықтимал. Біздің міндетіміз – әділ еңбек ететін азаматтарды тәрбиелеу. Жастардың белсенділігі қуантады. Жақында олар штаб құруды ұсынды. Өз ойлары, қызықтыратын тақырыптарымен ашық бөліседі. Бұл тақырыптардың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалармен байланысты. Мысалы, жастар «Академиялық адалдық лигасы» жобасын жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге көмектескісі келеді. Қазіргі уақытта біз бұл ұсынысты қарастырып жатырмыз, – дейді Данияр Каукенов.

Іс-шаралар тұрақты сипатқа ие болмақ.

«Қала құрылысы кеңесі» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Нұргүл Қайырденованың айтуынша, қоғам белсенділері түрлі салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін терең талдау жүргізеді.

– Сыбайлас жемқорлық нышандары жоқ бірде бір саланы анықтай алмадық. Тәуекелдер анықталған  кезде ұсыныстарымызды жауапты органдарға жіберіп, заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ресми хаттар жолдаймыз. Себебі, заңнамалық актілерде құқықбұзушылықтарды айналып өту мүмкіндіктері бар. Білім беру саласында сын-қатерлер көп. Мәселен, емтихан тапсыру керек, диплом жұмыс жазу, жақсы бағаға қол жеткізу дегендей. Жастар оңай жолмен білім алмау керек. Тек адал еңбек ету керек. Біз өз тарапымыздан жастарға осыны түсіндіргеніміз абзал, – дейді Нұргүл Қайырденова.

 «Әділ жол» тақырыбындағы кездесулер жастардың түрлі аудиториясын қамтиды. Жұмысшы мамандық иелері қатарындағы  қыз-жігіттер де назардан тыс қалмайды.