Павлодар жылу-электр орталығында маңызды жабдық жаңартылуда
Жөндеу станцияның тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үшінші жылу-электр орталығында бесінші турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мамандар турбиналық цехтағы негізгі құрылғыларды жаңарту арқылы жылу мен электр энергиясын тұрақты өндіруді қамтамасыз етуді көздейді.
Қазір жоғары, орта және төмен қысымды цилиндрлер ашылып, қалақшалар тазартылды. Айналмалы біліктердің беріктігі тексеріліп, салқындату жүйелері жуылды.
— Таза салқындату жүйесі мінсіз вакуум қалыптастырады. Бұл турбинаның жеңіл айналуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде бірдей көлемдегі электр энергиясын өндіруге бу мен көмір аз жұмсалады. Сонымен қатар, жабдық пен персоналдың қауіпсіздігі артады, — деді жылу тарату цехының бастығы Игорь Лукьяненко.
Биыл кәсіпорында үш қазандық пен екі турбоагрегат күрделі жөндеуден өтеді. Бұған қоса, бірінші түтін құбыры да қалпына келтіріледі.
Жоспарланған жұмыстар аяқталған соң нысанның энергия тиімділігі артып, алдағы жылыту маусымында өңір тұрғындарын жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.