Павлодар әкімі тікелей эфирде жылу, жол және абаттандыру туралы есеп берді

Әкім 2026 жылға арналған абаттандыру жұмыстарына қатысты өтініштер қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы кезекті тікелей эфирде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, жылу маусымының барысы мен абаттандыру жұмыстары туралы есеп берді.
Әкімнің мәлімдеуінше, Павлодарда жылу беру маусымы 10 қыркүйекте әлеуметтік нысандардан басталған. 22 қыркүйектен бастап көпқабатты және жеке тұрғын үйлер кезең-кезеңімен қосылды. Бүгінгі таңда қала толығымен орталықтандырылған жылумен қамтылған.
Тұрғындардың жылуға қатысты өтініштерін қарау үшін 10 комиссия жұмыс істейді. Олар арыздар бойынша үйлер мен пәтерлерді тексеріп, ішкі желілерді реттейді. Әкім жылу маусымы бойы суық тию мәселелері бойынша хабарласуды сұрады.
– Қалада жол жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 15 магистральды көшеге (37,3 шақырым) және жеке сектордағы 10 шақырымға жуық қара жолдарға асфальт төселді. Көп жылдан бері проблема болып келген Қамзин көшесіндегі дренаж-нөсер жүйесін орнату жұмыстары аяқталып, көше толығымен асфальтталды. Қалада 65 жаңа балалар алаңы және тұрғындарға жақын жерден демалуға мүмкіндік беретін 17 шағын сквер жасалды. Қалада 20 учаскеде тротуарлар құрылысы толық аяқталды, – деп атап өтті Хасар Хабылбеков тікелей эфирде.
Сонымен қатар, жаңа автодром салынды. Әкім жүргізуші куәлігі жоқ тұрғындарға оны тиісті сертификаты бар инспектормен бірге пайдалану қажеттігін ескертті.
Облыс әкімінің қолдауымен 2026 жылға арналған абаттандыру жұмыстарының бюджеті қарастырылған. Қазіргі уақытта тұрғындардың балалар алаңдарын, тротуарлар мен спорт инфрақұрылымын орнату туралы өтініштері қабылданып, 2026 жылға арналған жоспарлар жасалып жатыр.
Әкім Сәтбаев және Естай көшелерін келесі жылы құм-қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жаңа технологиясын қолдана отырып жөндеуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл жабынның қызмет ету мерзімі қарапайым асфальтқа қарағанда бірнеше есе ұзақ.
Тұрғындардың шағымдары бойынша жедел шешімдер қабылданды: қоқыс жәшіктері айналасындағы абаттандыруды ЖКХ бөліміне аяқтау тапсырылды; Сахалинская көшесінде шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеттелді; жылу желісін жөндеуден кейін Лермонтов, 4 мекенжайындағы жолды қалпына келтіру мәселесі бақылауға алынды.
Әкім қала тұрғындарының өтініштерін үнемі қадағалап отыратынын және Павлодарды тұруға қолайлы қала етуге тырысатынын айтып, тікелей эфирді аяқтады.