Павлодар әскери бөлімінде электр қуаты жетпей отыр
Бизнес субъекті құрал-жабдықтарын қосқан бойда жылу құрылғылары көп пайдаланылғандықтан, электр жарығы бірден сөніп қалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерік палатасының мәліметінше, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік субъектілерінің әскери билік және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылына арналған жиын өтті. Шара барысында Павлодар гарнизоны әскери прокуроры Бақытжан Досанов әскери бөлімдердің бірінің аумағында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер электр қуатының жоқтығына шағымданғанын мәлім етті.
Бұл ретте әскери бөлім өкілі құрылысқа байланысты бөлім жарықты екі сағатқа бір рет сөндіргенін және кәсіпкердің өз электриктері бар екенін алға тартты. Дегенмен әскери прокурор кәсіпкер өз күшімен кейбір ақауларды жоюға шамасы жеткенімен, жауапкершілік шекараларына байланысты оның дәрменсіз екенін еске салды.
– Яғни, мәселе қуаттың жетіспеушілігіне келіп тірелесе, әскери бөлімде жұмыс істейтін жеке кәсіпкердің электригі көмектесе алмайды. Мәселені бөлімшенің қолбасшылығы шешуі керек. Мұндай жағдайлар әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді. Электрмен жабдықтауда қиындықтар туындаса, қуатты арттыру немесе қажет болған жағдайда кейбір жабдықты өзгерту туралы өтініштер жазу қажет, – деді Бақытжан Досанов.
Басқа бөлімшелердің бірінде жуу қызметін көрсететін жеке кәсіпкер киім-кешек сөмкелерінің тапшылығы туралы хабарлады. Егер бір жиынтыққа бір қап болуы керек болса, іс жүзінде бір қапқа төрт-бес жиынтық салуға тура келуде. Кәсіпкер бұл сұрақты бірнеше рет көтеріп, сөмкелерді тігу үшін мата да берген, дегенмен бірнеше өтініштерінен кейін қаптар тым үлкен көлемде тігілген. Салдарынан сол жерде жұмыс істейтін әйелдер бір қапқа сол қалпы бірнеше жиынтықтан салып, ауыр қаптарды көтере алмай қиналуда.
Павлодар гарнизонының әскери прокуроры кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер бойынша әскери бөлімдер өкілдеріне кездесу кезінде көтерілген барлық мәселенің шешу жолын қарастыруды тапсырды.