Павлодардағы балалар ауруханасында ультрадыбыстық навигация енгізілді

Бұл медициналық процедуралардың дәлдігі мен қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық балалар ауруханасында балалар реанимациясы саласында озық технологиялар сәтті енгізілуде. Енді интенсивті терапия кезінде дәрігерлер ультрадыбыстық навигацияны қолданады.
Бұрын бұл технология көбінесе ересектерге арналған медицинада қолданылған. Аймақта алғаш рет бұл әдіс дәл балалар реанимациясында енгізіліп отыр, бұл ең кішкентай науқастарға көмекті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Мамандарды оқыту «POCUS Kazakhstan» жобасы аясында жүргізілді. Соның арқасында реанимация бөлімшесінде халықаралық медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылатын заманауи әдістерді қолдану мүмкін болды.
Ультрадыбыстық навигация балаларға инвазивті процедураларды – орталық және шеткері катетерлерді қою, пункция және басқа да араласуларды – жылдамырақ және қауіп-қатерсіз орындауға мүмкіндік береді. Бұл манипуляциялар уақытын қысқартып, асқыну қаупін азайтады және интенсивті терапия сапасын арттырады.
– Ультрадыбыстық навигацияны енгізу – өңірдегі балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясының дамуы жолындағы маңызды қадам. Енді біз өзіміздің кішкентай науқастарымызға ең заманауи стандарттарға сай көмек көрсете аламыз, – деді бөлім меңгерушісі Қуат Арғынов.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы – өңірдегі балаларға мамандандырылған көмек көрсететін жетекші медициналық орталық. Аурухана құрылымында реанимация және интенсивті терапия бөлімшелері бар, онда заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізілуде.