Павлодардағы мектепте балалар үшін мүмкіндіктер кеңістігі қалыптасуда

Павлодардағы мектепте балалар үшін мүмкіндіктер кеңістігі қалыптасуда
Фото: қалалық білім бөлімінен

№48 орта мектепте оқу үдерісі әлдеқашан дәстүрлі сабақ шеңберінен шығып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұнда оқушылар тек оқу пәндерін меңгеріп қана қоймай, инженерлік ойлау, ғылыми зерттеу, көпшілік алдында сөйлеу және медиасауаттылық сияқты XXI ғасыр дағдыларын дамытады. Бұл туралы Павлодар қаласының білім беру бөлімі мәлімдеді.

Білім беру мамандарының ақпаратынша, мектепте заманауи білім беру ортасы қалыптастырылған. Әрбір оқу кабинеті пән ерекшелігіне сай жабдықталған: интерактивті панельдер, цифрлық платформалар мен арнайы құрал-жабдықтар оқытуды көрнекі, тәжірибеге бағытталған әрі ынталандырушы етеді.

Мектепте техникалық шығармашылыққа ерекше көңіл бөлінеді. «Smart bala» жобасы аясында робототехника үйірмесі ашылған. Оқушылар LEGO Spike Prime, Spike Essential конструкторларымен, сондай-ақ FTC форматындағы роботтармен жұмыс істейді. Бұл балалардың логикалық ойлауын, техникалық сауаттылығын және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Нәтижелер де бар: бастауыш сынып оқушылары робототехника бойынша қалалық олимпиадада екінші орын иеленді. Қазіргі таңда команда Астанада өтетін Robotek және FIRST халықаралық жарыстарына дайындалып жатыр.

Жаратылыстану ғылымдары да тәжірибе арқылы оқытылады. Физика, химия және биология кабинеттері Data Harvest датчиктері бар цифрлық зертханалармен жабдықталған. Оқушылар тәжірибелер жүргізіп, деректерді талдайды және зерттеу қызметінің негіздерін меңгереді. Мектеп командасы жаратылыстану пәндері бойынша қалалық олимпиадаларда төрт жүлделі орынға ие болды.

Бастауыш мектепте де цифрлық зертхана енгізілген. Мұнда балалар ғылыми зерттеуге алғашқы қадамдарын жасап, педагогтер жобалық оқытуды белсенді қолданады.

Еңбек сабақтары да назардан тыс қалмайды. Мектеп шеберханалары практикалық әрі шығармашылық тапсырмаларға арналған кеңістікке айналған: мұнда ағаш және металл өңдеу, тігін ісі мен аспаздық негіздері оқытылады. Сонымен қатар этномәдени тәрбиеге айрықша мән беріледі. «Әжелер клубы» жобасы оқушыларды, ата-аналар мен педагогтерді біріктіріп, ұлттық дәстүрлер мен қолөнерді сақтауға ықпал етеді. Мектеп JASSRILLS KAZAKYSTAN-2025 республикалық байқауына қатысып, көркем еңбек пәні мұғалімдеріне арналған облыстық семинар алаңына айналды.

Коммуникативтік және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға гуманитарлық жобалар ықпал етеді. «Ұшқыр ой алаңы» жобасы мен «Зияткер» дебат клубы оқушылардың пікірталас мәдениеті мен көпшілік алдында сөйлеу қабілетін қалыптастырады. Клуб командасы қалалық турнирде Гран-при иеленіп, облыстық дебаттарда жүлдегер атанды. Мектептің 30-дан астам оқушысы қалалық оқулар мен пәндік олимпиадаларға қатысып, жоғары нәтиже көрсетті.

Бүгінде мектеп кітапханасы шығармашылық және жобалық қызметтің орталығы қызметін атқарады. «Оқитын мектеп», «Буккроссинг» және «Мектепке кітап сыйла» жобалары оқуға тек балаларды ғана емес, ата-аналарды да белсенді тартып отыр.

Мектептің спорттық өмірі де қарқынды дамуда. 11 секцияда 420-дан астам оқушы жаттығады. Мектеп командалары қалалық спартакиадаға қатысып, ұлттық және командалық спорт түрлерінен жетістіктер көрсетуде.

Білім беру кеңістігін «КЕЛЕШЕК» медиастудиясы түйіндейді. Мұнда оқушылар фото және бейнемазмұнды өздері жасап, мектептегі оқиғаларды әлеуметтік желілерде жариялайды. Мектептің Instagram парақшасына бүгінде шамамен 2,5 мың адам жазылған, ал жекелеген жарияланымдар 3 мыңнан астам қаралым жинап жүр.