Павлодардағы NIS Нидерланды мектептерімен меморандумға қол қойды
Нидерландтағы халықаралық мектептер кеңесі (CIS) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына елдегі мектептерді аккредиттеуге мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығында NIS-тің ауыл мектептерін қолдау бағытында «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Оған Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Нидерландтағы халықаралық Мектептер кеңесінің (CIS) атқарушы директоры Джейн Ларссон, Ұлыбританиядағы Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы Кейт Эванс, литвалық психиатр Дарюс Радкявичиюс, норвегиялық суретші-карикатурашы Ойстейн Кристиансен бар. Жалпы, халықаралық конференцияға әлемнің 7 елінен ең таңдаулы 19 шетелдік эксперт шақыртылған.
Шара барысында Нидерландтағы халықаралық мектептер кеңесі мен NIS мектептерді аккредиттеу туралы меморандумға қол қойды. Мұнда 2024 жылға дейін CIS пен Зияткерлік мектептер екіжақты меморандум аясында аккредиттеудің ұлттық стандарттарын әзірлеп, ережелерді бекітеді.
Конференцияда шалғайдағы мектептерді қолдауға бағытталған жоба аясында отандық және шетелдік эксперттер ауыл мұғалімдеріне өз баяндамаларын ұсынды.
Таңдаулы педагогтердің басқосуы ауылдық мектептердің білім сапасын арттырып, әрбір оқушының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Игі шара «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен серіктестік ұйымдастырылды.
Конференцияға еліміздің ауылдық елді мекендерінен 330-дан аса педагог қатысты.