Павлодардағы жағажайлардың бірінде түнгі бақылау ұйымдастырылады

Павлодардағы жағажайлардың бірінде түнгі бақылау ұйымдастырылады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталмыш шаралар қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаз мезгілінде қалалық жағажайлар тұрғындар үшін ең танымал демалыс орындарының біріне айналады. Осыған байланысты өңір басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес павлодарлықтардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда Павлодарда екі ресми жағажай жұмыс істеп тұр. Олар – орталық жағалау аумағындағы және Усолка шағын ауданындағы демалыс орындары.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков Усолка ықшам ауданындағы жағажайдың жай-күйімен танысып, демалушыларға жасалған жағдайларды тексерді. Бүгінде мұнда ауызсу субұрқақтары, жуынатын орындар мен күннен қорғайтын шатырлар орнатылған.

Тексеру барысында келушілердің қолайлылығын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, жуыну орындары орналасқан аумақтағы террасалық төсемді ұзарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жағажай аумағындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты түнгі уақытта патрульдеу жұмыстарын күшейту тапсырылды.

– Жағажайлар тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы демалыс орны болуы тиіс. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды, – деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.

Шаһар басшысы жазғы маусым бойы жағажайлардың санитарлық жағдайын, инфрақұрылымын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыруды тапсырды. 

Еске сала кетейік, ағымдағы жылы Баянауыл жағажайларында туристер қауіпсіздігі үшін бейнебақылау күшейтіледі. Жұмыстар Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы аясында жүзеге асады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Хасар Хабылбеков (@khassarkhabylbekov)