Павлодарда ішімдік ішіп көлік тізгіндегендер жеті жылға құжатынан айырылды

Павлодарда ішімдік ішіп көлік тізгіндегендер жеті жылға құжатынан айырылды

Өткен тәулікте тәртіп сақшылары мас күйінде көлік жүргізген 10 жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, барлық құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар облыстың әкімшілік сотына жіберілді.


Сот жүргізушілерді 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Егер де мас күйде көлігін бір жыл ішінде қайта басқарған жүргізушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз, - делінген хабарламада.


Мәселен, 29 қаңтар күні таңғы үште Ленин кентінің маңында ПД ротасының қызметкерлері ВАЗ-21099 автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің көлікті басқаруы полицейлердің күдігін тудырған. Құжаттарды тексерген кезде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққан. Күдік медициналық қорытындының нәтижелерімен расталды. 

Ақтоғай ауданының тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Әрі бұл жүргізуші автокөлікті 7 жыл бойы басқара алмайды.