Павлодарда құтқарушылар ес-түссіз жатқан қарт әйелді тапты
Қарт тұрғын қоңырауларға жауап бермеген соң көршілері 112 қызметіне хабарласқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқарушылар учаскелік инспектор мен көршілердің қатысуымен бесінші қабаттағы пәтердің кіреберіс есігін арнайы құралмен ашты.
Пәтердің ас бөлмесінен еденде ес-түссіз жатқан 1938 жылы туған әйел табылды.
– Әйелге алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді. Кейін оны зембілмен жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізді, – делінген хабарламада.
ТЖД жалғыз тұратын қарт туыстармен үнемі байланыста болып, олардың денсаулығына назар аударуға шақырады. Егер адам қоңырауларға жауап бермесе және төтенше жағдай болуы мүмкін деген күдік туындаса, 112 нөміріне хабарласу қажет.
Осыған ұқсас оқиға қыркүйек айының басында орын алды. Құтқарушылар қоңырауға жауап бермеген қарт әйелдің пәтеріне терезе арқылы кіріп, оны еденде жатқан күйінде тапқан. Әйел жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған.