Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер жазаға тартылуда

Жыл басынан бері қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 253 жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алдымен жүргізушілерді алты айға дейін көлік басқару құқығынан айырады. Егер бұл ереже бір жыл ішінде қайта бұзылса, жүргізушіге 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
– Жүргізушілер қарсы жолаққа жүргізуші куәлігінсіз шықса, айыппұл 50 АЕК-ті құрайды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Мысалы, қаламыздағы Малайсары батыр мен Елгин көшелерінің қиылысында Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткен. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары сотқа жолданған. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
– Қарсы жолаққа шыққан сәтте сіздер жазықсыз адамдардың өміріне қауіп төндіруіңіз мүмкін. Әсіресе оқу орындары, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық көлік аялдамалары маңында ерекше мұқият болу қажет, — деді ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттердің басты себебі — межелі жерге жылдам жетуге ұмтылу мен уақытты үнемдеу екенін атап өтті. Осыған байланысты полиция қызметкерлері көлік иелеріне жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауды ескертеді.