Павлодарда «Қазақстан алюминийі» ЖЭО-да экологиялық бұзушылықтар анықталды

Павлодарда «Қазақстан алюминийі» ЖЭО-да экологиялық бұзушылықтар анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық экология департаменті 2026 жылға арналған тексерулер кестесіне сәйкес «Қазақстан алюминийі» АҚ жылу электр орталығында тексеру жүргізді.

– Тексеру барысында бірқатар экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, көмірді тасымалдау және көмір қоймасын қалыптастыру кезінде шаң түзілу көзіне экологиялық рұқсат болмаған. Сонымен қатар отын беру конвейерінің ЛК-4А көзінде бейорганикалық шаң шығарындыларының рұқсат етілген нормадан асқаны белгілі болды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ газ тазарту қондырғыларының паспорттарын жүргізуде кемшіліктер анықталған. Онда газдың ылғалдылығы, суару сұйықтығының шығыны және су қысымы туралы деректер көрсетілмеген.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, 3 814 974 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау және экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын хабарлады.