Павлодарда «Қыз Жібек» бейнеленген жаңа мурал салынып жатыр

Павлодарда «Қыз Жібек» бейнеленген жаңа мурал салынып жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Астаналық суретшілер ұлттық образды заманауи көше өнері арқылы жеткізбек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, «Өнерлі шаһар» жобасы аясында Павлодардың бірнеше нүктесінде муралдар салынып жатыр. Жобаға еліміздің әр қаласынан келген шығармашылық топтар қатысуда.

Назарбаев даңғылы, 233 мекенжайындағы жаңа туындыны Астанадан келген Art Game шығармашылық тобы салып жатыр. Суретшілер қабырғада «Қыз Жібек» бейнесін жаңаша көрсетуге кірісті.

– Біз Павлодарға «Өнерлі шаһар» жобасына қатысу үшін келдік. Қалада бірнеше мурал саламыз, соның бірі – «Қыз Жібек». Осындай ауқымда жұмыс істеп, Павлодарда өз шеберлігіміз бен стилімізді көрсетуге қуаныштымыз. Туындыларымыз қала тұрғындарына ұнайды деп үміттенеміз, – деді Art Game командасының өкілдері.

Авторлар қазақ мәдениетіндегі танымал образды заманауи көше өнерінің тілімен бейнелеуді көздейді. Қазір муралды салу жұмыстары енді басталған, сондықтан композиция алдағы күндері біртіндеп айқындала түседі.

«Өнерлі шаһар» аясындағы жұмыстар қаланың бірнеше бөлігінде қатар жүріп жатыр. Тұрғындар дайын муралдарды ғана емес, олардың қарапайым қабырғадан ауқымды көркем туындыға айналу барысын да көре алады.

Жоба алдағы уақытта жаңа сюжеттермен және басқа шығармашылық топтардың жұмыстарымен жалғасады.