Павлодарда қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен толық жаңартылуда

Павлодарда қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен толық жаңартылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесу барысында өңірде жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлікті жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байхановтың айтуынша, соңғы үш жылда қалада 38 көшеде шамамен 90 шақырым жол асфальтталды. Сонымен қатар 95 көшедегі 50 шақырымға жуық топырақты жол қатты жабынмен қамтылды. 280 аула, 25 мектеп, 48 балабақша және сегіз денсаулық сақтау нысанының аумағы абаттандырылды. Бұдан бөлек, 65 учаскеде жалпы ұзындығы 54,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Қаладағы барлық әлеуметтік нысандардың аумақтары толықтай асфальтталған.

Бұдан бөлек, қоғамдық көлікті реформалау жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үш жылда қаланың 254 бірліктен тұратын қоғамдық көлігінің 213 бірлігі жаңартылды.

– Мен бұл реформаны толық қолдаймын, қоғамдық көлік тұрақты жұмыс істеп тұр. Қала әкімінің міндеті – 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында автобус паркін толық жаңарту, – деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, ауылдық аумақтардың дамуы да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы үш жылда облыс орталығына қарасты ауылдар барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Халықты таза ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Мойылды, Павлодарское және Жетекші ауылдарында жаңа мәдениет үйлері бой көтерді.