Павлодарда үйде оқитын мүгедектігі бар балаларға өтемақы қалай төленеді

Павлодарда үйде оқитын мүгедектігі бар балаларға өтемақы қалай төленеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үйде оқитын мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мемлекеттен өтемақы ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық 109 бірыңғай байланыс орталығының мәлімдеуінше, үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу – медициналық көрсетілімдер бойынша үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының бірі.

Мемлекеттік қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.

Өтемақыны рәсімдеу үшін өтінішпен бірге мынадай құжаттарды тапсыру қажет:

- көрсетілетін қызметті алушының немесе оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат; 

- баланың туу туралы куәлігі; 

- үйде оқыту қажеттілігі туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы; 

- баланың үйде оқитынын растайтын жалпы білім беретін мектептің анықтамасы; 

- банктік шот нөмірін растайтын құжат.

Төлем үйде оқитын әрбір балаға тоқсан сайын 8 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төленеді.

Өтемақыны аудандық немесе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы өтініш берілген айдан бастап, баланың үйде оқитынын растайтын құжатта көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін тағайындайды.

Мамандар өтініш бергеннен кейін оның қаралу мәртебесін egov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы қадағалауға кеңес береді.