Павлодарда үздік педагогикалық дуэт анықталды

Қалалық білім беру бөлімі «Педагогикалық дуэт-2025» облыстық байқауының қалалық кезеңінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқау тәлімгерліктің үздік тәжірибелерін анықтау және тарату, жас мамандардың шығармашылық бастамаларын қолдау, сондай-ақ тәжірибелі педагогтер мен жас мұғалімдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылады.
Іс-шараға қаланың 19 мектебінен 23 педагогикалық дуэт қатысты. Бірінші сырттай турдың қорытындысы бойынша 70% және одан жоғары балл жинаған сегіз қатысушы байқаудың екінші кезеңіне өтті. Екінші турда жас педагогтер бейтаныс сыныптарда сабақ өткізді.
Екі турдың қорытындысы бойынша № 39 ЖОМ дуэті Аяужан Қасқырбай және Назгүл Тұмарбекова Гран-при иегері атанды.
1-орын Б. Момышұлы атындағы ЖОМ дуэті Кәмила Жанаталап пен Назгүл Латыповаға, 2-орын Ш. Шөкин атындағы гимназия-мектебінің дуэті Дария Сейітқазина мен Любовь Никитюкке бұйырды. М. Әуезов атындағы ЖОМ дуэті Виктория Шрейнер, Евгения Иванова және Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің дуэті Аида Тұрғұнбаева, Айгүл Мағжанова 3-орын иегерлері атанды.
«Креативті дуэт» номинациясын Ш. Шөкин атындағы гимназия-мектебінің дуэті Фатима Асқарова және Ирина Ртищева иеленді. М. Әлімбаев атындағы ЖОМ және С. Торайғыров атындағы ЖОМ дуэттеріне сертификаттар табысталды.
Қалалық кезеңнің жеңімпаздары байқаудың облыстық кезеңіне қатысады.