Павлодарда ұлттық мереке ұлықталды

Павлодарда ұлттық мереке ұлықталды

Асайын Байханов Республика күніне орай өңір тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Естай атындағы мәдениет сарайында ұлттық мейрам Республика күні мерекесіне арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды.  

25 қазан – еліміз үшін аса маңызды күн. Дәл осы күні 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Осылайша қазақ елі аңсаған азаттыққа алғашқы қадам жасалды. 

Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Салтанатты жиында облыс әкімі Асайын Байханов облыс тұрғындарын Республика күні мерекесімен құттықтады.

– Армысыздар, қадірлі Отандастар! Баршаңызды ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз байрағын биік ұстаған бабалардың ұрпағымыз» деп атап өтті. Бұл мерекеде ортақ терең мағыналы ұғым жатыр. Ал қуатты ел тек халықтың бірлігі арқылы жасалады. Отанымыздың негізгі тірегі – халқымыз, яғни – сіздерсіздер. Сондықтан еліміздің өсіп-өркендеуі жолында баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Қымбатты қауым, әрбір шаңыраққа ырыс пен береке ұяласын. Бабаларымыз атына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – біздің парызымыз. Ендеше еліміздің ертеңі жарқын, тәуелсіздігі тұғырлы болсын, қадірлі ағайын! – деді аймақ басшысы.

Ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнін атап өту Әділетті Қазақстанға қызмет ететін әрбір азамат үшін айрықша мәнге ие ерекше күн ретінде санамызда жаңғыруы тиіс.

Бүгінде Қазақстан нарықтық экономикасы қарқынды дамыған, демократиялық қоғамдық құрылымы қалыптасқан және зор халықаралық беделге ие заманауи мемлекет. Ал өндірістік өнеркәсібі қуатты Павлодар өңірі әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері бойынша көш басында. 

Сондай-ақ, ел үшін аянбай тер төккен, Ертіс-Баян өңіріне қалтқысыз қызмет еткен азаматтар аз емес. 

Мерекеге орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 16 қазандағы №675 жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін және үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Шапағат» медалімен, Қазақстан Республикасында ел бірлігін нығайтуға келісім мен рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен және сол сияқты марапаттармен өңіріміздің тұлғалары наградталды. 

Айта кетейік, салтанатты жиын облыс көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.