Павлодарда өрттен бес бала мен он ересек адам құтқарылды
Пәтерде үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар жанған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 101 пультіне Мүткенов көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетті.
– Келген сәтте қатты түтін байқалды. Құтқарушылар бірінші қабаттағы пәтерде 10 шаршы метр аумақта үй жиһаздары мен тұрмыстық заттардың жануын жедел түрде сөндірді. Баспалдақ арқылы өрт сөндірушілер 15 адамды, олардың ішінде бес баланы құтқарды. Сондай-ақ 20 адам өз бетінше далаға шыққан, – делінген хабарламада.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.
ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.