Павлодарда 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде

Павлодарда 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның жетеуі - балабақшада, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Павлодар қаласында білім беру нысандарын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Жалпы алғанда, 10 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде 3 мектеп пен 7 балабақша бар.

Атап айтқанда, Әлімбаев атындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. №24 жалпы орта білім беру мектебінде жылу жүйесі жаңартылса, №29 мектепте электрмен жабдықтау, су құбыры және кәріз жүйелері толықтай жаңғыртылып, ішкі бөлмелерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, №11, 25, 38, 79, 112 және 116 балабақшаларда терезе блоктарын ауыстыру жұмыстары атқарылуда. Ал №53 бөбекжай-балабақшасында терезелерді жаңартумен қатар шатырды жөндеу жұмыстары да бірге жүзеге асырылууда.

— Бүгінде барлық нысандарда жөндеу жұмыстары басталып, бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мердігер ұйымдар белгіленген жоспарға сай жұмыс атқаруда. Жұмыстардың сапасы мен мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударылуда. Жауапты қызметтерге әр кезең бойынша тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды, - деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Барлық жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланған.