Павлодарда 100 күйші бір мезетте ортекемен күй ойнап, рекорд орнатты
Жас музыканттардың өнері Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабында тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ортеке – дәстүрлі екі ішекті аспапты домбыра мен тау ешкісінің ағаш мүсіншесін пайдаланатын қазақ орындаушылық өнері. Үстел үстіне орнатылған қуыршақ-текенің аяғы, мойны, денесі қозғалмалы етіп жасалады, жіңішке жіптер арқылы домбырашының саусақтарына байланады. Күй тартылғанда саусақтардың жоғары-төмен қозғалуына орай қуыршақ-текенің дене мүшелері де қимылдап, күй ырғағына сай билеп жүргендей әсер тудырады.
Астанада «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өткен іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, қала әкімі Хасар Хабылбеков, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Халықаралық додаға аттанғалы тұрған Ертіс-Баян өңірінің аймақтық керуені мен аймақтың аманатын Астанаға жеткізетін азаматтар сән-салтанатымен шығып, ақсақалдар ақ батасын берді.
– Алматыдағы сарапшылар кеңесі отырысының шешімімен Астанадан арнайы келіп отырмыз. Бұл жоба бұрын қайталанбаған, ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабының төл төрінен орын алып отырсыздар. Болашақта Павлодар шаһары өркендей беріп, әлем деңгейінде танылатын қалалардың бірі болсын, – деді КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Сахна төріне Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің басшысы Ольга Бобровская, музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің басшысы Серік Қасымханов, «Жігер» балалар жасөспірімдер клубының өкілі Батырбек Сәрсенбеков шақырылып, салтанатты түрде сертфикаттар табыс етілді. Аталған құжаттың берілуі – біртұтас команда ретінде жасаған жұмыстардың ынтымақтастығы мен бірліктің жемісі.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, мұндай шараны өткізу идеясы қала күніне арналған мерекелік бағдарламаны талқылау барысында туындаған.
– Конституция күнін мерекелеу барысында үш балалар тобы Павлодар облысының символы түрінде жасалған ортеке – ұлттық ойыншықпен күй орындады. Жас өрендер «Ertis Promenade» алаңындағы басты қойылым алдында бір апта бойы дайындықтан өткен. Осы уақытқа дейін астаналық шеберлер барлық қатысушыларға ортеке дайындап қойған, – деді ол.
Әрі қарай ағаштан жасалған ойыншықтар қаладағы музыкалық мекемелерге тапсырылады.