Павлодарда 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігіт сотталды

Павлодарда 16 жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскен жігіт сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сотта зардап шегуші тарап қылмыс жасаған адамды бас бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау фактісі бойынша жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 122-б. 1-б.).

Істің мән-жайын заң күшімен жария ету мүмкін болмағандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды.

Айыпталушы өз кінәсін мойындап, қатаң жазаламауды сұрады.

Жәбірленуші тарап жыныстық қатынас ерікті түрде болғанын түсіндіріп және айыпталушы қылмыс жасаған кезде кәмелетке толмағандықтан, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

– Қылмыс жасаудың мән-жайын және қылмыс жасаған кезде кәмелетке толмағанын ескере отырып, айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, себебі ҚК 81-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарға ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды, – деді Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінде.

Сондай-ақ ол екі жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.