Павлодарда қыз ұзату тойына барған қонақтар жаппай уланып қалды

Оқиға облыс орталығындағы банкет залының бірінде орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тойдан кейінгі келесі күні бірнеше адам өздерін нашар сезініп, ауыра бастаған. 8 маусым күні іш өту, құсу және дене қызуының көтерілуі белгілерімен жедел жәрдемге 33 адам жүгінген, оның ішінде бір жүкті әйел мен бір бала болған.
– 26 ересек науқас ауруханаға жеткізілді, бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Науқастардың барлығына тағамнан орташа ауырлықтағы улану диагнозы қойылды, жағдайы ауыр науқастар жоқ, – деп хабарлады облыстық жедел жәрдем станциясында.
Ал 9 маусымда тойға барған басқа да науқастарда медициналық көмекке жүгінген. Барлығы 15 адам жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілсе, 14 адам үйлерінен ем алуға жіберілді.
– Бүгінгі күні ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы интоксикация, диарея және гипертермиялық синдромға байланысты орташа ауыр деп бағалануда. Олар толықтай ем қабылдап жатыр. Ал амбулаторлық емделуден өткендерге ұсыныстар берілді, – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасында.
Ұзатылған қалыңдық Азиза Исабай мұндай жағдай мейрамхана асханасының кесірінен болғанын айтады.
– Салат жеген қонақтардың барлығы уланған. Салат жемей, бәліш қана жеп, шырын ішкен күйеуміз екеуміз және қонақтардың балалары аман қалды. Банкет залының асханасынан сынама алынды, жауабын күтеміз, – деп ашулы Азиза Исабай.
Оның айтуынша, банкет залының әкімшілігі қонақтардың жаппай уланып жатқанын біле тұра, шаралар өткізуді жалғастырып отыр.