Павлодарда адам өліміне әкелген жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында Н.Назарбаев даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында анықталып жатыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Mitsubishi Carisma автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол үш жаяу жүргіншіні қағып, кейін жарықтандыру бағаны мен автобус аялдамасына соқтығысқан. Соққының әсерінен көлік аударылып қалған.
Апат салдарынан екі жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті ем қабылдап жатыр. Күдікті ретінде танылған жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал жол апатына қатысқан автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
– Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, белгіленген жылдамдық режимінен аспау, әсіресе, көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде барынша мұқият болу және автокөліктің техникалық жағдайын тұрақты бақылап отыру маңызды, – деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта тергеу барысында жол-көлік оқиғасының нақты себептері мен барлық қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сараптамалар тағайындалып, дәлелдемелер жиналып жатыр.