Павлодарда «Адасқан өмір» поэмасы халықаралық деңгейде жан-жақты талқыланды

Облыстық кітапханада «Баяу оқу» халықаралық әдеби жобасы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жоба аясында қатысушылар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасын оқып, талқылады. Бұл тек оқу ғана емес, әртүрлі жастағы, кәсібі мен елі бөлек адамдарды біріктірген нағыз мәдени сұхбат алаңына айналды.
Поэманы оқу мен талқылауға Торайғыров университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері, Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Қарасұқ муниципалды округінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі, Новосібір облысының Совет-Гаван муниципалды ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, Ресей Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының ғалымдар мен әдебиеттанушылар, қызметкерлері қосылды.
Әр қатысушы ақынның жолдарын өзінше сезініп, бүгінгі күнге де өзекті терең мағыналарды ашты. Талқылаулар жылы әрі шабыттандыратын атмосферада өтті – шығармада көтерілген тұлғаның тағдыры, жол таңдау, рухани ізденіс туралы ой қозғалды.
Жобаның ерекше сәттерінің бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінің музыкалық нөмірлермен онлайн қосылуы болды. Олар поэманың көркемдік болмысын тірі әуенмен үйлесімді толықтырды.
Бұл жоба классикалық әдебиеттің адамдарды біріктіріп, шабыттандырып, саналы сұхбатқа жетелей алатынының жарқын үлгісіне айналды.