Павлодарда армян суретшілерінің көрмесі ашылды

Павлодарда армян суретшілерінің көрмесі ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экспозиция музей қорындағы туындылар негізінде дайындалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай XX ғасырда орындалған «Армян суретшілерінің шығармашылығы» атты көрмесіне Арменияда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Қазақстанда өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан суретшілердің кескіндеме және мүсін жанрындағы еңбектері қойылған. Олар өз дәуірінің көркемдік экспрессиясын қалыптастырған тұлғалар.

Көрермен назарына Сурен Сафарян, Мариам Асламазян, Лавиния Бажбеук-Меликян, Оганес Зардарян, Ара Арутюнян, Саркис Саносян сынды белгілі суретшілердің еңбектері ұсынылған.

Туындылар тақырыптық және жанрлық тұрғыдан алуан түрлі. Мысалы, Бекарян А.В.-нің «Ауыл тойы», Григорян Ю.С.-тің «Аулада» атты картиналарында тұрмыстық көріністер бейнеленсе, Папикян А.С.-тің «Ахпат храмының ішкі көрінісі» және Саносян С.М.-нің «Сагмосаванк монастырі» туындылары рухани мазмұнға ие.

Портрет жанрындағы «Опера әншісі Аракс Мансурянның портреті» (Бажбеук-Меликян Л.А.) және «Армения темекішілері» (Асламазян М.А.) еңбектері терең психологиялық мәнімен және ұлттық болмысымен ерекшеленеді. Ал «Анарлар» (Карагезян С.Б.) мен «Натюрморт. Жемістер» (Саносян С.М.) секілді натюрморттар мен пейзаждар туған жердің табиғаты мен сұлулығын бояу үндестігі арқылы шебер жеткізеді.

Бұл көрме – армян мәдениетінің бай дәстүрін және оның Қазақстанның өнер кеңістігіне қосқан үлесін танытатын маңызды мәдени оқиға. Сонымен қатар, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидаттарына сай мәдени әртүрліліктің құндылығын дәріптеп, елдегі ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қосады.

Көрме бір ай бойы жалғасады.