Павлодарда аса ауыр қылмыс саны азайды
Шаһарда қоғамдық қауіпсіздікке қатысты жиналыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында қалалық прокуратура мен полиция басқармасының өкілдері қатысқан ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков жеке парақшасында мәлім етті.
Отырыс барысында биылғы жылдың қорытындылары бойынша қаладағы криминогендік ахуал талқыланды.
– Талдау нәтижесінде құқықбұзушылықтардың бірқатар көрсеткіштері төмендегені атап өтілді. Атап айтқанда, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 4,6 пайызға, ал аса ауыр қылмыстар 71,7 пайызға азайған, – деп жазды Хасар Хабылбеков.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеу және келер жылға арналған тиісті жұмыс жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар алдағы мерекелік күндерге байланысты қалалық полиция басқармасының жеке құрамы күшейтілген қызмет атқару режиміне көшірілді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жеке құрамның 30 пайызы тұрақты негізде жұмылдырылып, жаяу және автопатрульдердің саны арттырылды.