Павлодарда ашық аспан астында еңбек жәрмеңкесі өтті

Павлодарда ашық аспан астында еңбек жәрмеңкесі өтті
Фото: автор

Іс-шара қала күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталық жағалауда өткізілген жәрмеңкеге 200-ден астам жұмыс іздеуші мен 40-қа жуық жұмыс беруші қатысты. Ұсынылған бос жұмыс орындарының саны – 700-ден астам. Қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс және техникалық мамандықтар бойынша бос орындар жеткілікті болды.

– Жәрмеңке – бұл тек жұмыс табу емес, бұл – адамдармен тікелей сөйлесу, өзіңе сенімділік беру. Әсіресе біз секілді жасы келген адамдар үшін өте маңызды. Бүгінгі шара – шын мәнінде үлкен мүмкіндік, – дейді қала тұрғыны Светлана Рахимова.

Жұмыс іздеушілер қала мен облыстағы жұмыс берушілерден ағымдағы бос жұмыс орындарын біліп, жәрмеңкеде сұхбат алу мүмкіндігіне ие болды.  Оған қоса, жұмыспен қамту мәселелері бойынша нұсқаулар және Мансап орталығындағы мамандардың көмегі сол жерде ала алды. 

– Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін арнайы бағдарламалар мен гранттық қолдау қарастырылған. Мысалы, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындарын жасауға мемлекет 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия береді, – дейді облыстық еңбек мобильділігі директорының  орынбасары Қазыбек Жомартов.

Облыс бойынша биыл 5000-нан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. 

Бұдан бөлек, бизнес ашуға ынтасы бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі немесе көпбалалы аналарға, аз қамтылған азаматтарға 1,5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұсынылады. Жәрмеңке арқылы дәл осындай мүмкіндіктерді азаматтар өз көзімен көріп, бірден өтініш беруге мүмкіндік алды.

Мемлекеттік қолдау, бизнеске берілетін нақты құралдар және адаммен тікелей жұмыс істеу арқылы жұмыспен қамту орталығы өңірде нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Ал Светлана секілді адамдардың тәжірибесі – бұл жүйенің маңызын дәлелдейді.