Павлодарда ашық жүрекке күрделі ота жасалды
Бұл – митральды қақпақшаға биологиялық протездеу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райхановтың айтуынша, науқаста қос жармалы, қолқа және жүректің оң жақ жүрекше мен оң қарыншасы арасындағы қақпақшалардың II дәрежелі жеткіліксіздігі, І дәрежелі жоғары өкпе гипертензиясы, сол жақ жүрекшеде үлкен тромб анықталған.
– Науқастың жағдайын ескере отырып, ашық жүрекке күрделі аралас операция жасалды: қос жармалы қақпақшаға биологиялық протез қойылды. Тромбты жою үшін тромбектомия жасалды. Тромбтың пайда болуын болдырмау үшін сол жақ жүрекшеден құлақша тігіледі. Қазіргі уақытта науқас бөлімшеде, жағдайы бірқалыпты, өзін жақсы сезінеді, жақын арада үйіне оралады, – дейді Мұрат Райханов.
Бөлім меңгерушісінің сөзінше, жүрекке ашық операция кезінде кеуде қуысын ашып, науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қосуға тура келеді. Операция кезінде жүрек уақытша тоқтайды, бұл қажетті манипуляцияларды орындауға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс күрделі жүрек ақауларын емдеуде қолданылады. Соғып тұрған жүрекке ота жасау кезінде арнайы құрал-жабдықтар қолданылады, сондықтан бұл ағза операция кезінде де жиырылып, қан айдай береді.
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру» қоры өңірлік филиалының директоры Нұрлан Қасымов сақтандырылмаған азамат үшін мұндай операцияның құны 2 миллион теңгеден асатынын айтады.
– Жоғары технологиялық медициналық көмек және оның кейбір түрлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек тізіміне енгізілген және барлық сақтандырылған азаматтарға, ал төтенше жағдайларда барлық науқастарға қолжетімді, – дейді филиал басшысы.
Айта кетерлігі, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне науқастарды жоспарлы түрде жатқызу тіркелген жеріндегі емхананың жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
Фото: Павлодар облыстық кардиоорталық ұсынды