Павлодарда аула футболынан үлкен арман басталады

Павлодарда аула футболынан үлкен арман басталады
Фото: автор

Аула командалары арасында өткен футбол турнирі жасөспірімдер үшін тек спорттық жарыс емес, өмірлік сабаққа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастырған дода балаларды біріктіріп, достық пен тәртіпке баулуды мақсат етті.

Турнир наурыз және сәуір айының басында өтті. Оған 2010–2011 және 2012–2013 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, дұрыс құндылықтарды қалыптастыру.

Облыстық филиалдың жанышыры Ризат Айтуар турнир барысы туралы әңгімелеп берді.

— Біз наурызда бір турнир, сәуірдің басында тағы бір турнир өткіздік. Мақсатымыз – балаларды біріктіру, достыққа үйрету, уақыттарын пайдалы өткізуіне ықпал ету. Өзіміздің ережелеріміз бар: боқтық сөз айтса – жазаланады, кейін бәріміз алаң тазап кетеміз, ойынға дейін және кейін тәртіп сақталады. Бес минуттық тәрбиелік әңгімелер өткіземіз – дұрыс мінез-құлық, салауатты өмір салты туралы. Көктемде алаң мәселесі болған еді, бұл жолы бізге мұнай-газ колледжі қолдау көрсетіп, алаң берді, - дейді Ризат Айтуар.

Колледж тек алаң ұсынып қана қоймай, қатысушыларға экскурсия ұйымдастырды. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Пусырханова:

— Балаларға экскурсия өткіздік, кейін алаңды пайдалануға бердік. Бұл – кәсіптік бағдар берудің бір түрі. Яғни, пайдалыны жағымдымен ұштастырдық.

Жазғы маусым да жақындап келеді. Турнирге жүлделерді алуға «Сенімен болашақ» бірлестігінің белсенділері Мирас Хамитов, Әлібек Бәкібаев және Серік Боранбаев қолдау көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша 2012–2013 жастағылар арасында «Афганка» бірінші орынды иемденді. Команда шабуылшысы Жан Масалимов үздік сұрмерген атанды. Турнирде екінші орын «Кереку», ал үшінші орын «Китайкаға» бұйырды.

2010–2011 жастағылар арасында «Эдем» чемпион болды. «Афганка» жастары бұл жерде екінші орынға ие болса, «Жұлдыз» командасы үздік үштікті қорытындылады.

«Эдем» командасының капитаны Артем Правдивец армандарымен бөлісті.

— Мен футболмен сегіз жылдан бері айналысамын, «Ертіс» ОРБЖСМ-да жаттығамын. Орталық қорғаушы позициясында ойнаймын. Турнир өте керемет өтті, ұйымдастырушылар мен демеушілерге рахмет. Болашақта кәсіби футболшы болып, «Ертіс» клубында және Қазақстан құрамасында ойнағым келеді. Үлгі тұтатын ойыншым – Нұралы Әліп, - дейді жас футболшы.

Марапаттау рәсіміне қазақстандық футбол аңыздары Ойрат Садуов пен Юрий Ишутин қатысып, жас спортшыларға ақ тілектерін арнады.

— Нағыз футболшы болу тек алаңдағы ойыныңмен өлшенбейді. Бұл – тәртіп, еңбек, батылдық. Егер сен күн сайын өзіңді жеңе білсең, бір күні үлкен жеңіске жетесің. Сендердің араларыңда болашақ чемпиондар бар екеніне сенемін. Ең бастысы – армандарыңнан бас тартпаңдар, - деді аты аңызға айналған футболшы.