Павлодарда Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған байқау өтті
Балалар көркемсурет мектебі режиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Ақ бота» облыстық балалар бейнелеу шығармашылығы байқауының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Байқау аудандық, қалалық турлардың қорытындысы бойынша «Кинорежиссер Ш.Аймановтың портреті», «Ш. Аймановтың өмірі мен қызметі», «Театр және кино әлемі» тақырыптарында өткізілді. Өз жұмыстарын жалпы білім беретін мектептердің, балалар көркемсурет мектептерінің, өнер мектептерінің оқушылары, облыстың қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері ұсынды. Қатысушылардың жұмыстары 6-9 жас, 10-12 жас, 13-16 жас аралығында қаралды, – дейді Гүлнар Мұхаметкалина.
Байқауға 220-дан астам оқушы, аудандық, қалалық турлардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оның ішінде Павлодар қаласы мектептерінің 6 оқушысы қатысты. Шараның облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша жүлделі орындарды облыстың 20 қатысушысы, оның ішінде Павлодар қаласы білім беру ұйымдарының тоғыз қатысушысы иеленді.
Облыстың көркемсурет мектептері мен өнер мектептері арасында Павлодар қаласы мектебінің 26 қатысушысының 6-ы жүлделі орынға ие болды. Милана Кубекова «Лезде – мәңгі», Олег Лазарев аралас техникадағы «Кинематографтың сиқырлы әлемі», Медина Семей кескіндеме техникасындағы «Алдар Көсе» суреттері үшін жеңімпаздар атанды.
– Мен атақты жерлесіміз Шәкен Айманов туралы білдім. Бұл өте талантты режиссер, жақсы актер. Ол өз фильмдерінде көптеген рөлдерді ойнады, – дейді конкурс жеңімпазы Василина Столярова.
Байқаудың барлық қатысушылары сертификаттар алды, жеңімпаздар мен жүлдегерлер білім беру басқармасының түрлі деңгейдегі дипломдарымен марапатталды.