Павлодарда айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының кеңсесі ашылды
Республика күніне орай өнер иелерінің келелі кездесуі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының кездесу кешіне ақын, қазақ айтысының абызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман және ақын, ҚР парламентінің Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев қатысты.
Шара барысында Жүрсін Молдашұлы Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Павлодар облыстық филиалының жаңа төрағасын таныстырды. Бұл лауазымға «Алтын домбыра» иегері, белгілі айтыскер ақын, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Аспанбек Шұғатаев тағайындалды.
Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан өңірлік филиалдың жаңа төрағасының жұмысына табыс тілеп, бүгін Ақмола және Павлодар облыстарының арасында өтетін «Өнер додасына» сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, облыстық кітапхана жанынан Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Павлодар облыстық филиалының кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Тұсаукесер рәсімін ҚР Парламентінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Павлодар облысының Құрметті азаматы Бейсенбі Мұқажан және ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабек өткізді.
Сондай-ақ, ақындар жырдан шашу шашып, белгілі ақын, Алаштың ерке ұлы, ел арасында «Құдаш ақын» атанып кеткен Құдайберлі Мырзабек жаңа бастаманың баянды болуын тілеп, ақ батасын берді.