Павлодарда «Азамат» жобасының қатысушылары анықталды
Еліміздің бес ірі қаласында, соның ішінде Ертіс өңірінде өткен республикалық турнирлер «Хабар» арнасындағы танымал бағдарламаның жаңа маусымына жол ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, жаңа маусымға қатысушыларды анықтау мақсатында «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының республикалық іріктеу турнирлері өтті. Іріктеу кезеңі 2025-2026 оқу жылының желтоқсан-қаңтар айларында еліміздің бес өңірінде ұйымдастырылды. Турнирлер Астана, Ақтөбе, Шымкент, Алматы және Павлодар қалаларында өткізіліп, Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жоғары оқу орындарының студенттерін қамтыды.
– Республикалық іріктеу турнирлеріне еліміз бойынша 600-ге жуық пікірсайысшы қатысып, өзара бәсекеде зияткерлік деңгейін көрсетті. Іріктеу барысында қатысушылардың ойды жеткізу мәдениеті, аргументация сапасы, жалпы эрудициясы, азаматтық ұстанымы мен көшбасшылық әлеуеті жан-жақты бағаланды, – делінген хабарламада.
Бағдарлама талаптарына сәйкес үміткерлер алдын ала ұсынылған тақырыптардың бірі бойынша үш минуттық сөз сөйледі. Бұл кезеңде ойның анықтығы, дәлел келтіру деңгейі және уақытты тиімді пайдалану қабілеті ескерілді. Сонымен қатар блиц-сұрақтар мен портфолионы бағалау арқылы қатысушылардың жалпы эрудициясы мен азаматтық белсенділігі айқындалды. Іріктеу қорытындысы бойынша «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының екінші маусымына жолдама алған 32 жоғары оқу орнының тізімі анықталды.
Айта кетейік, 2000 жылдардың басында «Еларна» телеарнасында көрсетілген «Азамат» интеллектуалды бағдарламасы тұтас бір буынның санасында сақталып, болашақ саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және қоғам қайраткерлерінің қалыптасуына ықпал еткен жобалардың бірі болды. Бүгінде бағдарлама жаңартылған форматта қайта оралып, еліміздегі пікірсайыс қозғалысы ең белсенді дамыған университеттердің басын қосып отыр.