Павлодарда саяжайда қоқыс өртеген тұрғынға айыппұл салынды
Өрт сөндіру қызметкерлері 24 сәуірден 30 сәуірге дейін 17 өрт, 97 жану фактісін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, өрт салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген. Өрт қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін 33 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде жалпы сомасы 327 мың 750 теңгеге 10 адамға айыппұл салынып, 23 адамға ескерту жасалған.
- Өткен аптада 5 ірі өрт тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 6 гектарды құрайды. Өртті сөндіруге азаматтық қорғаныс органдарының 152 қызметкері, 35 техникасы, жергілікті атқарушы органдардан 8 адам және 8 техника жұмылдырылды. Көп жағдайда өрттің басты себебі - адамдардың отты абайсыз қолдануы, қоқысты, қамысты жаққан кезде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы болуда, - дейді Павлодар қаласының ТЖБ аға бас маманы Арман Арын.
Сонымен қатар, өрт кездейсоқ тасталған сіріңкеден, өшірілмеген темекіден, қараусыз қалған оттан орын алуда.
- Соңғы өрт "Металлург" бағбаншылығында шықты. Өрттің себебі - қоқысты және құрғақ шөпті өртеу кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау болды. Осы факт бойынша кінәлі адам ұсталды. Ол әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, - дейді Арман Арын.
Қазіргі уақытта келтірілген шығын анықталуда. Төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері тұрғындарды өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Фото: ашық дереккөздерден