Павлодарда бұрынғы стадион аумағында жаңа спорт кешені бой көтеріп жатыр
Павлодарда бұрынғы «Батыр» стадионының аумағында инклюзивті спорт орталығы салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында қаладағы бұрынғы «Батыр» стадионының аумағында салынып жатқан инклюзивті спорт орталығының құрылыс барысымен танысты. Қазір нысан аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйымның мәліметінше, котлованды қазу жұмыстары аяқталған. Ғимараттың бір бөлігінде бассейн қарастырылғандықтан, бұл учаскеде тереңдетілген бөлік көзделген.
«Самұрық» құрылыс компаниясының директоры Берік Төлегеновтің айтуынша, болашақ спорт кешенінде жалпы спорт залы, бассейн, күрес залы және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жеке тренажер залы болады.
- Инклюзивті спорт орталығының басқа спорт нысандарынан ерекшелігі – мұнда инклюзивті тренажерлар, ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған арнайы спорттық кешендер мен жаттығу залдары қарастырылады, – деді Берік Төлегенов.
Жаңа нысанның құрылысы бұрынғы стадион аумағын жаңа қоғамдық және спорттық кеңістікке айналдыру жөніндегі жоспардың бір бөлігі. Соңғы жылдары бұл жерде саябақ аймағын, кейін инклюзивті жастар спорт паркін құрудың түрлі тұжырымдамалары ұсынылған.
Бұған дейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы аумақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт кешенін салу жоспарланғанын хабарлаған. Жобада бочча, күрес, гимнастика және спорттың басқа да түрлеріне арналған залдар қарастырылған. Нысанның жобасын әзірлеуде Қызылордада салынған ұқсас инклюзивті спорт кешенінің тәжірибесі негізге алынбақ.
Жаңа жоба іске асқан жағдайда Павлодарда ерекше қажеттіліктері бар балалар, жасөспірімдер мен ересектердің спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік кеңейеді.
Бұрынғы «Батыр» стадионын қайта дамыту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2017 жылы мұнда бұқаралық іс-шараларға арналған сахнасы бар саябақ аймағын құру ұсынылған еді. Кейін аумақты инклюзивті жастар спорт паркі ретінде дамыту жоспарланды.
Стадионды бұзу жұмыстары басталғанға дейін жұмысшылар трибуналардың металл қаңқаларын алып, ағаш конструкцияларды демонтаждады. Кейін бетон трибуналардың корпустарын бөлшектеуге кірісті. Қазір аумақ жаңа құрылыс жобасын іске асыруға дайындалуда.
Павлодардың қазіргі орталық стадионы 1947 жылы салынған. Нысанның техникалық жағдайына жүргізілген зерттеу нәтижесінде оның батыс және шығыс трибуналарын, сондай-ақ солтүстік трибунаның бір бөлігін күрделі жөндеу ұсынылған.