Павлодарда белгілі суретші Аншумалидің туған күніне орай көрме ашылды

Павлодарда белгілі суретші Аншумалидің туған күніне орай көрме ашылды
Фото: Константин Шелков

Облыстық көркемсурет музейінде жергілікті суретші Андрей Оразбаевтың 60 жасқа толуына орай дербес көрме өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Суретші көрмеге өзінің 30-дан астам туындысын әкелді. Оның басқа суретшілерден өзгешелігі – терең толғаныста, сюжеттің күрделілігінде, композициялық ықшамдылығында, сызықтарының әсемділігі мен анықтылығында. Суретші туындыларды салу барысында түрлі заттар мен әртүрлі құралдарды қолданады. Автор көрменің атын «Семена» деп атауды жөн көрген. 

– Бұған дейін осындай алты көрме өткізіп үлгердім. Бұл көрмеге 31 туындымды ұсынып отырмын. Оның әрқайсысы махаббатпен, сезіммен салынған. Жұртшылық назарына қойылып отырған бұл картиналардың бірінің бес жылдық тарихы болса, бірі жуырда ғана салынған, – дейді  Андрей Оразбаев. 

Көрмеге  келген тұрғындар тек суреттерді көріп қана қоймай, бишілер мен әншілердің өнерін тамашалады.

–  Андрей Оразбаевтың басқа суретшілерге қарағанда туындылары ерекше. Әрбір туындының  үлкен мағынасы бар. Тек оны түсіну үшін уақыт керек деп ойлаймын. Жалпы көрме көңілімізден шықты, – дейді көрермен Жанеля Бауыржанқызы. 

Андрей Оразбаев 1963 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Павлодар индустриалды институтының инженерлік-құрылыс факультетін бітірген, суретші-дизайнерлер мектебінде, кейін Омбы мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде оқыған. Ресей Суретшілер одағы мен Қазақстан Суретшілер одағы халықаралық федерациясының мүшесі. 1994 жылы Павлодар авангардистерінің «Жаңа дала» көрмесінде дебют жасаған. 

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан. 2007 жылы Павлодарда орнатылған ЧАЭС апат құрбандарына арналған ескерткіштің авторы.

Аншумали бүркеншік атымен де жұмыс істейді.

Қала тұрғындары мен қонақтары көрмені сәуір айының 18-іне дейін  тамашалай алады. 

Мақсат Көлтайұлы