Павлодарда былғары тон мен мамық күрте сатып алған тұрғындардың ақшалары қайтарылды
Тұтынушылардың бірі өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, өтініштердің бірінде тұтынушы тиісті сападағы тауарды қайтарудан бас тарту мәселесі туралы айтқан. Ол қаладағы дүкендердің бірінен 380 мың теңге сомасына былғары тон сатып алған. Алайда оны кері қайтарғысы келіп, жазбаша шағыммен жүгінген, бірақ сатушы тауардың жағдайы көңіл көншітпейтінін айтып, тауарды қайтарудан бас тартқан.
– Департамент тұтынушының өтініші негізінде тиісті сападағы тауарды айырбастаудан және қайтарудан бас тарту мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында кәсіпкерлік субъектісі тұтынушымен татуласып, ақшалай қаражатты қайтарып берді. Осыған байланысты тексеру тоқтатылды, – дейді департаментте.
Тағы бір ұқсас жағдайда тұтынушы тиісті сападағы тауарды қайтарудан бас тарту мәселесі бойынша жүгінген. Ол Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінен Kaspi Red арқылы анасына 23 мың теңгеге мамық күрте сатып алған. Өлшегеннен кейін өлшемі сәйкес келмейтінін анықтаған және күртешенің түсі мен үлгісі ұнамаған. Осылайша тауарды қайтару мақсатында сатушыға жүгінген, сатушы тауарды қабылдаудан және ақшаны қайтарудан үзілді-кесілді бас тартқан. Төлем Kaspi Red арқылы жүргізілгеніне және заң бойынша Kaspi Red арқылы сатып алынған тауарлар қайтарылуға және айырбастауға жатпайды деп мәлімдеген.
Тұтынушы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген соң ведомствода сатушыдан түсініктеме сұратқан. Нәтижесінде тұтынушыға ақшасы қайтарылған.
Егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы арқылы жүгіне алады. Сондай-ақ E-otinish.gov.kz, бірыңғай ақпараттық жүйе E-tutynushy.kz немесе 8(7182) 551070 сенім телефонына хабарласуға болады.
Айта кетейік, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Сатушы (дайындаушы) «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30-бабына сәйкес, егер ол пайдаланылмаған болса, тиісті сападағы азық-түлік емес тауарды айырбастауды немесе қайтаруды, оның тауар түрін, тұтыну қасиеттерін, пломбаларын, жапсырмаларын, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, күнтізбелік он төрт күн ішінде тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты сақтауға міндетті.