Павлодарда боччаға арналған алаң ашылды
Павлодарлық балалар боччадан Қазақстан құрамасының сапында халықаралық жарыстарға қатысып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы бочча федерациясының басшысы Адия Масалимова бочча – паралимпиадалық спорт түрі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта өте танымал спорт түрі.
Қаладағы Гагарин саябағында боччаға арналған стандартты алаң ашылды.
Павлодар қаласында 30-40 бала боччамен шұғылданады. Олар республикалық деңгейде жүлделі орындар алып жүр. Алдағы уақытта халықаралық жарысқа барады.
Қалалық спорт бөлімінің басшысы Әсет Әбілтаев алаң өткен аптада пайдалануға берілгенін, мұнда мобильді топтағы балалар жаттығып жүргенін айтты. Алаңға барлығы 5 млн теңге жұмсалған.
– Бұл – әзірге даладағы осындай жалғыз алаң. Басқа уақытта «Автомобилист» кешенінде жаттығады. Әрі қарай да осындай алаң саламыз. Оған орындар қарастырамыз. Қауіпсіздік үшін алаңға тартанды жабынды төселді. Қаламызда паралимиадалық спорт ішінде бочча негізгісі болып саналады. Балаларымыз Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетуде, – деді Әсет Әбілтаев.
Боччисттердің бапкері Лариса Козлова қалада осы спорт бойынша жаттығатын 2 топ бар екенін атап өтті. Бір топта арбада отырған балалар болса, екінші топта менталды бұзушылықтары бар спортшылар бар.
– Арнайы алаңды жасап бергеніне қуаныштымыз. Балалар осыған мұқтаж еді. Өйткені жазғы уақытта табиғат аясында дайындалғылары келеді. Қарапайым балалармен бірге ойнағаны жақсы. Біріншіден бұл – әлеуметтендіру. Бұл спорт пайда болғанда балаларға жаңа тыныс ашылды. Бұрын балалар оңалту орталықтарына ғана барып, көбінесе үйінде отыратын. Енді мұнда келіп, спортпен шұғылданады. Қазір олар дос боп кетті. Бір үйдің балаларындай жанашыр болып жүреді. Біз бұл балалар да басқалар сияқты қарапайым адам екенін, жарыстарға қатысып, медальдар ала алатынын көрсеткіміз келеді, – деді Лариса Козлова.
Бочча үйірмесіне балалар 6 жастан бастап қабылданады. Әрі қарай жас шектеуі қойылмайды. Бұл спортпен айналысып жүрген Алина – 28 жаста. Ол Қазақстан чемпионы атанып үлгерген.
– Маған бұл спорт ұнайды. Бір жылдай шұғылданып жүрмін. Осы спорттың арқасында достарым көп. Әр жаттығуға мерекеге келгендей келемін. Алда ел чемпионаты болады. Оны жеңу керек. Соған дайындалып жатырмыз, – дейді Алина.
Боччадан осы жексенбі қалалық ашық турнир өтеді. Ал, 1 маусымға ҚР чемпионаты жоспарланған. Одан кейін павлодарлық екі бала тамыз айында Польшада өтетін халықаралық жарысқа барады.
Айта кетейік, Павлодар қаласында бұдан басқа 60-қа жуық бала паралимпиадалық спорт түрлерімен айналысады.
Фото: Оразбек Саяхат