Павлодарда бульдозер миллиард теңге тұратын вейптерді езіп тастады

Павлодарда бульдозер миллиард теңге тұратын вейптерді езіп тастады

Қоғам белсенділері мен депутаттардың көзінше электрондық темекілердің көзі жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс орталығының өнеркәсіптің аймағында «Заң мен тәртіп» идеологиялық платформасының аясында акциздік таңбасы жоқ электронды темекі құрылғылары, яғни вейптер мен темекі өнімдерін жою акциясы ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының көлеңкелі экономиканы төмендету және ұлт денсаулығын қорғау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Павлодар облысында ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізілуде. 

– Жыл басынан бері экономикалық тергеу департаменті вейп және оған арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымы үшін 8 қылмыстық іс қозғады. 1,6 миллиард теңгеден астам сомаға 156 мыңнан астам электрондық темекі тәркіленді, – деді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов.

Осыған орай тәркіленген өнімді жою жөніндегі акцияға Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары, жұртшылық, жастар, ардагерлер ұйымдары, қоғамдық кеңес мүшелері, «Жасыл ел» облыстық штабы және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.  

Акция барысында 106 миллион теңгеден астам сомаға 123 мың қорап контрафактілік темекі және құны бір миллиард теңгеге жуық 100 мыңдай вейптің көзі бульдозер арқылы бастырылып, көзі жойылды. 

Іс-шараның мақсаты – заңсыз айналымдағы зиянды өнімдердің таралуына тосқауыл қою және жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану құндылықтарын қалыптастыру.