Павлодар ЖЭО-3-те конвейер таспасы ауыстырылуда

Бұл жылыту маусымына дайындық аясында атқарылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта мамандар ЛК-2Б таспалы конвейерінің тасымалдау таспасын ауыстыру жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Бұл шаралар отын жеткізудің үзіліссіз әрі сенімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ауыстырылатын бөліктің ұзындығы – 103 метр. Таспаның беріктігі мен қымтаулылығын қамтамасыз ету үшін ыстық вулканизация әдісі қолданылуда.
– Қазір үш учаске бойынша түйістіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық жұмыс кестеге сай атқарылуда. Таспа ауыстырылған соң, ол резервке алынып, жылыту маусымында көмірді сенімді жеткізуге мүмкіндік береді, – деді №1 жөндеу цехы басшысының орынбасары Қуаныш Адамханов.
ЛК-2Б конвейері ЖЭО-3 станциясының технологиялық тізбегінде маңызды рөл атқарады. Ол көмірді балғалы уатқышқа жеткізеді, ал ол жерден отын қазандық цехындағы блок-араластырғыш құрылғыға (БСҚ) бағытталады. Сонымен қатар, бұл конвейер көмірді көмір қоймасына жеткізу үшін де қолданылады.
– Жөндеу жұмыстары кезінде станцияға отын жеткізу тоқтатылмайды. Қазіргі уақытта ЛК-2А тасымалдау лентасы жұмыс істеп тұр, қазандықтарға көмір толық көлемде жеткізіліп жатыр, – деп атап өтті Қуаныш Адамханов.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысында басқа да учаскелерде – ЛК-3Б және ЛК-4АБ конвейерлерінде де тасымалдау таспаларын ауыстыру жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, конвейерлерді станцияның «тамырлары» деп атайды. Олардың тұрақты және тиімді жұмысы отын жеткізуге, демек, павлодарлықтардың үйлеріндегі жылу мен жарыққа тікелей әсер етеді. Жоспарлы жөндеу жұмыстары өңірдің қысқы кезеңдегі энергиямен жабдықталу сенімділігін қамтамасыз етеді.