Павлодарда дәстүрлі әншілер өнер көрсетеді
Концерт тегін ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
10 желтоқсан күні сағат 19:00-де И.Байзақов атындағы облыстық филармония концерттік залында «Ән қанатында» атты дәстүрлі ән әуелейтін кеш өтеді.
– Концерт Жаяу Мұсаның 190 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы және Иса Байзақовтың 125 жылдығы аясында өткізіледі. Қазақтың халық әндері – бұл тек музыка емес, ол біздің тарихи тағдырымыз, өмір сүру философиямыз. Қазақ әндерінің кең де асқақ әуезінде біз халықтың өткенінен бүгінгі күніне дейінгі терең рухани күшін сеземіз, – деді филармонияда.
Кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері – Гүлмира Сарина, Аллажар Қайбар, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары – Нұрболат Құсайнов, Дәуренбек Слямғали және өңіріміздің дәстүрлі әншілері – Сұңғат Көпежанов, Сауле Мусипова, Жанболат Байсолтан, Мағжан Ысқақ, Гүлназ Қыздарбекова, Жалын Құнанбай ән шырқайды. Сондай-ақ, «Беу жігіттер» халықтық фольклорлық ансамблі, «Рух» этномикс ансамблі мен «Нұр» би ансамблі де өнер көрсетеді.