Павлодарда дельфий ойындарының өңірлік кезеңі аяқталды

Павлодарда дельфий ойындарының өңірлік кезеңі аяқталды
Фото: Облыстық филармониядан алынды

Мәдени шара Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ғимаратында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

XVII маусымдағы Silk Way Creative Games Ұлттық жастар дельфий ойындарының өңірлік іріктеу кезеңінің лауреаттары салтанатты түрде марапатталды.

Биылғы байқауға Павлодар облысынан ғана емес, көршілес өңірлерден де үш жүзден астам дарынды жас қатысты.

– Павлодар жас таланттарды тартатын ірі орталыққа айналып келеді. Өңірлік кезеңге Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан да жас қатысушылар келді. Барлығы дарынды, жарқын нөмірлер дайындаған. Қазылар алқасында беделді мамандар – мәдениет пен өнер қайраткерлері, тәжірибелі педагогтер бар. Әрқайсысы – өз ісінің кәсіби маманы, – дейді Ұлттық дельфий комитетінің директоры, Қазақстанның халықаралық дельфий комитетіндегі өкілі Құралай Түспекова.

Сахнада қатысушылар академиялық және эстрадалық вокал, хореография, домбыра, скрипка, үрмелі аспаптар және басқа да бағыттар бойынша өнер көрсетті. Ал фойеде бейнелеу өнері қатысушыларының жұмыстары қойылды. Жалпы, қатысушылар 19 шығармашылық номинация бойынша бақ сынады.

Үлкен жас тобында скрипкашылар арасында алтын медальді Павлодар музыкалық колледжі кешенінің мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Ерсұлтан Райханов жеңіп алды. Енді ол өңір намысын ұлттық кезеңде қорғайды. Сонымен қатар, кіші топта Айша Сүйімбай да алтыннан алқа тақты.

– Барлығы жоғары деңгейде өтті. Мұндай қуатты дельфий қозғалысының бары қуантады. Бұл - балалар үшін үлкен мотивация. Павлодар скрипка мектебінің өкілдері бірнеше жыл қатарынан әлемдік ойындарға қатысып, елге жүлдемен оралып жүр. Бұл енді дәстүрге айналды, – деді қазылар алқасының мүшесі, педагог Яна Касьян.

Үрмелі аспаптар номинациясында 14–17 жас аралығында Роман Седых, ал 10–13 жас арасында Назерке Нұрлан жеңіске жетті.

Эстрадалық вокалды бағалаған қазылардың бірі – танымал әнші, композитор Ринат Малцагов.

– Әсерім керемет. Қатысушылар өте талантты. Семейден келген бір бала ерекше таңғалдырды. Ол күрделі шығармаларды орындады. Мұндай таланттар сирек кездеседі, – деді ол.

Аталған қатысушы – 13 жастағы Ерали Ерболов. Ол «Молдабайдың әні» мен Ama credi e vai шығармаларын орындады.

Эстрадалық вокалда 14–17 жас арасында Анеля Садвакасова, ал 18–21 жас арасында Райхана Оқтаубаева дараланып, жеңіске жетті.

«Ым-ишарамен ән айту» аталымында Ламина Шегебаева (14–17 жас) топ жарды.

Домбырашылар өнерін Қазақстанның мәдениет қайраткері, Павлодар музыкалық колледжінің директоры Серік Сыздықов бағалады.

– Дельфий ойындарының ерекшелігі – жүлделер санының шектеулі болуы, бұл сапаны арттырады. Домбыра номинациясында қатысушылар аз болғанымен, барлығы жақсы дайындалған, – деді ол.

Домбыра номинациясында 18–21 жас арасында Май ауданынан Азамат Айтқали жеңіске жетті. Қобызда – Жансая Самат (14–17 жас), фольклорлық аспапта Алуа Сейтенова үздік атанды. Пианистер арасында Илья Аверин мен Ляйлім Жанайдар жеңіске жетті. Баян-аккордеон бойынша Арслан Жаңабай, Қасиет Әшірбек, Қалижан Бастами үздік болды. Ал классикалық гитарада Диана Киреева жеңімпаз атанды.

Жас суретшілер арасында Ақсу қаласынан Софья Кузьмина мен Дина Ерболат үздік атанды.

Шалдай орманындағы Есілбай ауылында тұратын 15 жастағы Асанәлі Магметов үшін бұл алғашқы үлкен тәжірибе болды.

– Бұл менің алғашқы үлкен байқауым. Жеңбесем де, тәжірибе алдым. Алда әлі жұмыс істеймін, – деді ол.

Ұйымдастырушылар Павлодар облыстық филармониясы ұжымына жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Silk Way Creative Games XVII маусымының финалы биыл күзде өтеді.