Павлодарда еңбек қауіпсіздігі мен жалақы мәселесі талқыланды
Облыста кәсіподақ жұмысы күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар өңірінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулетәлінің жұмыс сапары жалғасуда. Сапар барысында ол ірі кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарымен кездесіп, әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесудегі негізгі назар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына, еңбек қауіпсіздігіне және жалақы мәселесіне аударылды. Федерация төрағасы өңірдегі кәсіпорындарды аралап, өндіріс барысымен және жұмысшылардың жағдайымен танысты.
- Қазір біз бірқатар өңірлерді аралап жүрміз. Павлодар облысында кәсіпорындар мен қызмет ұжымдарымен кездесіп, әлеуметтік-еңбек қатынастарының реттелу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Басты мақсат - жұмыс адамының жағдайын бағалап, өзекті мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп табу, - деді Сатыбалды Дәулетәлі.
Оның айтуынша, өңірдегі экономикалық даму қарқыны жақсы. Сонымен қатар, жұмыс істейтін әрбір үшінші адамның кәсіподақ мүшесі болуы еңбеккерлердің кәсіподаққа деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді.
- Бізді ең алдымен жұмысшылардың еңбекақысы, жұмыс қауіпсіздігі және осы мәселелерді шешудегі әлеуметтік әріптестіктің тиімділігі алаңдатады. Өкінішке қарай, республика бойынша жыл сайын мыңнан астам жазатайым оқиға тіркеліп, 200-ге жуық адам қаза табады. Бұл - үлкен алаңдатушылық туғызатын мәселе, - деді ол.
Сонымен қатар, соңғы бес жылда өндірістік жарақаттар санының азайғанын тілге тиек етті. Павлодар облысында бұл көрсеткіш тұрақты деңгейде қалып отыр.
Федерация төрағасы еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін өндірістік кеңестердің жұмысын күшейту, қоғамдық бақылауды дамыту және кәсіподақтық техникалық инспекторлардың рөлін арттыру қажеттігін айтты.
Жалақы мәселесіне тоқталған төраға төмен еңбекақыны арттыру бағытында ұсыныстар берілгенін жеткізді.
- Біздің басты мақсатымыз - төмен жалақыны көтеру. Қазіргі таңда ең төменгі айлықты 150 мың теңгеге дейін жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Еңбекақы жүйесін бекіту кезінде жұмыс берушілер кәсіподақтармен бірлесе шешім қабылдауы қажет, - деді Сатыбалды Дәулетәлі.
Сондай-ақ өңірдегі ұжымдық шарттармен қамту деңгейінің жоғары екені айтылды. Бұл әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді реттеліп жатқанын көрсетеді. Алайда шағын бизнес саласында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.