Павлодарда гандболдан жасөспірімдер чемпионаты басталды

Павлодарда гандболдан жасөспірімдер чемпионаты басталды
Фото: pexels.com / Mahmoud Zakariya

Қазақстан чемпионаты 2013 жылы туған және одан кіші қыздар арасында өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турнир №2 ОРМБЖМ спорт кешенінде («Автомобилист») өтіп жатыр және 30 наурызға дейін жалғасады. Чемпионатқа Қазақстанның түрлі аймақтарынан сегіз команда қатысуда: Қарағандыдан екі ұжым, сондай-ақ Шымкент, Ақтөбе, Астана және Қостанай құрамалары бар. Павлодар облысының намысын №2 ОРМБЖМ-нің екі командасы қорғап жатыр.

Қатысушылар екі топқа бөлінген, әр топта төрт командадан.

– Салтанатты ашылу рәсімі мерекелік көңіл-күйде өтті. Қонақтар қатарында облыстық спорт басқармасы бөлімінің басшысы Олег Кольев, №2 ОРМБЖМ басшысы Айбек Қабиев және гандболдан Қазақстан спорт шебері, Азия ойындарының жүлдегері Ризагүл Мұқанова болды. Олар жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңызын атап өтті, – деді №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің баспасөз қызметі.

Екінші ойын күнінде павлодарлық команда тартысты кездесу өткізді. Жергілікті спортшылар Астана құрамасына қарсы матчта соңына дейін күрескенімен, кездесу 29:30 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталды.

Мекемеде атап өткендей, бұл нәтиже турнирдегі бәсекенің жоғары деңгейде өтіп жатқанын және барлық командалардың дайындығы мықты екенін көрсетті.