Павлодарда заңсыз балық аулаған азамат қомақты айыппұл арқалады
Оның кінәсі сотта дәлелденді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар облысы Железин аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сот мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар айында азамат Железин ауданына қарасты «Қайыңды» орманшылығының 89-кварталы маңындағы Ертіс өзенінде тыйым салынған балық аулау құралдарымен ұсталған. Тексеру барысында одан тор көзінің өлшемі үш жарым сантиметр болатын балық аулау торы, сондай-ақ торларды тартуға және мұзды оюға арналған арнайы құралдар табылған.
Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік хаттама, куәлардың айғақтары және сот отырысында зерттелген өзге де материалдар арқылы толық дәлелденді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, су айдындарында тыйым салынған құралдармен балық аулау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды. Тәркіленген құралдар жойылатын болды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Аяужан Жетес.