Павлодарда гитарада ойнаған бозбала ересектермен байланысып, жазаға ұрынды

Ол далада ішімдік ішкен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының аумағында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Осы кезеңде өңірдің полицейлері балалар мен жасөспірімдердің болу орындарын тексерді.
Рейдтердің барысында тәртіп сақшылары Жеңіс алаңында келесідей құқықбұзушылықты анықтаған.
– 16 жастағы жасөспірім гитарамен бірге «ЦУМ»-нан келе жатқанда жолда ішімдік ішіп тұрған бір топ ересектермен танысты. Олар жасөспірімге ішімдікті ұсынды. Бұл ретте баланың сөмкесінде де сыра бөтелкесі болған, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мадина Ниязбекова.
Кейін жасөспірімді полиция қызметкерлері ұстап, куәландыруға жіберді. Онда бозбаланың жеңіл дәрежедегі мас күйінде болғаны көрсетілді.
– Оның ата-анасы 440-бап 2-бөлігі бойынша кәмелетке толмағанға көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшуіне жол беру және 127-бап 3-бөлігі бойынша, яғни ата-аналардың тәрбие және оқыту жөніндегі міндеттерін орындамауынан жауапкершілікке тартылды, – деді Мадина Ниязбекова.
Жасөспірім жыл ішінде осындай олқылықты екінші рет қайталап тұр. Бұған дейін де алкогольді ішімдік ішкені үшін жаза қолданылған болатын.
Айта кетейік, рейд кезінде полицейлер жасөспірімдерді спирттік ішімдіктерді, есірткі және уытты заттарды қолдануға тарту фактілерін анықтау үшін қоғамға жат мінез-құлықтағы адамдардың, оның ішінде кәмелетке толмағандардың шоғырлануы мүмкін күмәнді пәтерлерді, притон орындарын тексеруді ұйымдастырды.