Павлодарда IT бағытындағы оқытушылар арасында республикалық байқау басталды
Жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен қатысушылар келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының IT бағыты бойынша оқытушылары арасында республикалық конкурс өз бастауын алды. Екі күнге созылатын байқау үш құзыреттілік бойынша өтеді. Атап айтқанда, web-дизайн, киберқауіпсіздік және алгоритмдік және жобалық бағдарламалау. Шараға еліміздің 16 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан келген алпыстан астам қатысушы мен эксперт жиналды.

Жарыс ақпараттық-технологиялық колледжі мен жоғары электроника және коммуникация колледжі базаларында ұйымдастырылып отыр.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Сейталы Бауыржанның айтуынша, конкурс IT саласында қызмет етіп жүрген ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыруды және үздіктерді анықтауды мақсат етеді.
– Жарыс алғаш рет өткізіліп жатқан жоқ, бұған дейін республика көлемінде бірнеше рет ұйымдастырылған. Ал біздің облыста бірінші рет өтіп отыр. Сайыс облыстық білім беру басқармасының бастамасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатыр, – деді ол.

Қатысушылардың жұмыс орны жеребе тарту әдісімен анықталды. Арнайы барабан арқылы реттік нөмір белгіленіп, тапсырмалар конверт түрінде қатысушылар алдында ашылды. Әр тапсырма 2-4 модульден тұрады және жасанды интеллект қолдануға қатаң тыйым салынған.
Айта кетейік, облыс намысын жоғары электроника және коммуникация колледжінің дарынды ұстазы, еңбек өтілі үш жыл болған Сұлтан Болатұлы қорғайды. Үздік деп танылған қатысушылар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы дипломдарымен марапатталады.