Павлодарда «Күй-қазына» өңіраралық байқауы өтті
Алты қаладан келген жас домбырашылар ұлттық күй өнері бойынша білімдері мен орындаушылық шеберлігін сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26–27 ақпан күндері Павлодар қаласындағы Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінде І өңіраралық «Күй-қазына» атты студенттер арасындағы интеллектуалды-орындаушылық байқау ұйымдастырылды. Өнер сайысы оқу орнының «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің 35 жылдығына арналды.
Үш кезеңнен тұрған байқауға Павлодар, Өскемен, Астана, Көкшетау, Қарағанды және Семей қалаларынан келген жас домбырашылар қатысты. Қатысушылар тек күй орындап қана қоймай, оның шығу тарихы, авторы мен күй өнерінің дамуы туралы теориялық білімдерін де көрсетті.
Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің басшысы Серік Сыздықовтың айтуынша, байқау орындаушылықпен қатар интеллектуалдық сайыс ретінде ұйымдастырылған.
– Қатысушылар күйді орындап қана қоймай, оның шығу тарихын, композиторын, шығармашылығын терең білуі тиіс. Студент орындаушы ретінде ғана емес, өзінің интеллектуалдық деңгейін, тіл байлығын, ойлау қабілетін көрсетуге міндетті. Барлық командалар бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ Рүстембек Омаров атындағы арнайы жүлде табысталды, – деді ол.
Іс-шара аясында PhD докторы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының оқытушысы Айтолқын Тоқтаған «Қос күйші – қос тағдыр: Дина мен Сейтек шығармашылығы» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлы мұрасына талдау жасады.
Байқау қорытындысында «Шертпе күйді үздік орындаушы» номинациясы Қарағанды қаласының Нұрмұхамед Жахановқа, «Төкпе күйді үздік орындаушы» атағы семейлік Ануар Бекасылға берілді. Рүстембек Омаров атындағы арнайы жүлде астаналық Бейбарыс Бакишевке табысталды.
Жалпыкомандалық есепте І орынды Павлодар қаласының «Шалқыма» командасы жеңіп алды. ІІ орын Семей мен Астанаға, ал ІІІ орын Өскемен, Көкшетау және Қарағанды қалаларының командаларына бұйырды.
Павлодарлық студент Диас Қайыркен байқауда бірінші орын алғандарын айтып, бұл жобаның өңіраралық форматта өтуі қатысушылар үшін ерекше тәжірибе болғанын жеткізді.